Өскемен — Семей тасжолында қысқы шинасыз көліктердің жүруіне шектеу енгізіледі
Қар жауып, көктайғақ болуына байланысты 20 қазан сағат 20:00-ден бастап Абай облысының екі тасжолында қысқы шинасыз көліктерге тыйым салынады.

Абай облысының полициясы 20 қазан сағат 20:00-ден бастап қысқы шинасы жоқ көліктердің жүруіне шектеу енгізілетінін хабарлады. Себебі — қар жауып, көктайғақ болуы.
Шектеу «Өскемен — Семей» (KAZ21) тасжолының ШҚО шекарасынан Семей қаласына дейінгі 103–198 шақырым учаскесін қамтиды. Сондай-ақ «Алматы — Талдықорған — Өскемен — Шемонаиха — РФ шекарасы» (KAZ08) тасжолының Қалбатау ауылынан ШҚО шекарасына дейінгі 971–1013 шақырым учаскесінде де күшінде болады.
Жеке атап өтілгендей, 20-дан 21 қазанға қараған түні өңірде температура төмендеп, жаңбыр аралас қар жауады, жолдарда көктайғақ болуы мүмкін. Тұрғындардан аса қажеттілік болмаса, алыс сапарға шықпауды сұрайды.
Бұл туралы Абай облысының ПД хабарлады.
Источник: Абай облысының ПД



